Бұл менің бір танысымның әңгімесі. Оған сенбеуге менде себеп жоқ.

Ол өзі Батыс Қазақстаннан болады, бірақ оңтүстіктің жігітін сүйіп, соған күйеуге шыққан. Кәзір бір қызы бар. Жолдасының отбасымен бірге Астанада тұрып жатыр.

Оның кәзіргі тұрмысы былайша: таңертең сағат 5-те тұрып атасына, енесіне, жолдасына және қайнысына таңғы астарын дайындайды. Ал олар тәңертеңгі асты жақсылап ішеді: самса, қуырдақ, шелпек, шәй және тағы сол сияқты тағамдар. Оның бәрі жаңа піскен болу керек.

Содан кейін, ата-енесінен басқасының бәрі жұмыстарына кетеді. Менің танысым күніне екі жерде жұмыс істеп үлгіреді: кеңседе тазалаушы және мейрамханада ыдыс жуушы болып. Күні бойына діңкесі құрып шаршайды. Кешкісін үйіне келген соң тағы да жұмысқа кіріседі: кешкі ас дайындайды, үйдегілерді тамақтандырады, ыдыс жуады, үй жинайды, кір жуады (айтпақшы, үйде кір жуатын машина жоқ, шылапшында қолмен жуады). Үйдегілердің біреуі де сыпырғыш пен шылапшындағы кірге қолын тигізбейді. Бұл олардың жұмысы емес. Әдеттегідей олар кешкісін демалады, шәй ішіп, теледидардан футбол немесе сериалдар көреді. Ал келін болса олардың бәріне қызмет етеді. Үйдегілердің бәрінің іш киімдеріне дейін жуып-тазалайды. Бұл аз болса, алыстан туыстары келгенде (отбасы оңтүстіктен болғандықтан, үйде әрдайым туыстардан жүріп-тұратын біреу болады), келін оларға да қызмет көрсетуге міндетті: тамақтандыру, кірлерін жуып, үтіктеп беру.  Осының бәрі түннің бір уағына, сағат 1-2-ге дейін созылады.  Ал таңғы сағат 5-те қайтадан тұру керек. 

Келінге түскен осындай орасан зор жүктеме және оның үй ішінің дәулеттілігіне косып отырған үлесіне қарамастан ол жанұяның тең құқылы мүшесі емес. Мысалы, оған дастархан басындағы әңгімеге қатысуға болмайды. Ол тек үндеместен шәй құю керек. Ол басына орамал тартып, босағада, самаурынның қасында отыру керек. Оған үйдегілердің бетіне тіке қарауға да  болмайды, көзі төмен қарап жүру керек. Оған тіпті отбасы мүшелерінің есімдерін де атауға болмайды. Отбасы үлкен тойларға немесе табиғатқа демалуға кеткенде, келін, өгей қыз сияқты, үйде қалады. Оған демалуға да болмайды. Ол үй шаруасына қарау керек. 

Тағы басқа да көптеген мәселелерде келін – еріксіз бейшара.

Мен одан: «Осының бәрі саған керек пе, неге күңнің күнін көруге келісесің? Өзіңнің бақытты отбасылық тұрмысыңды елестеткенде, осындай өмірді армандадың ба? Қалай өз еркіңмен құлдыққа түсіп отырсың?» – деп сұраймын.

Ол иығын көтереді. Бәрі бірте-бірте осындай жағдайға келді дейді. Ата-анасы, болашақ күйеуі және айналасындағылар оны осындай өмірге біртіндеп баптаған. Ал кәзір ол бәріне үйреніп кеткен. Енді бұл оның отбасы.

– Әйтсе де басқаша өмір сүріп, азатты, тең құқылы әйел болуға болады ғой, – деймін оған. Не жауап берерін білмейді. Дегенімен ол өзінің жолдасын сүйеді және жолдасы да оны сүйеді деп санайды. Мүмкін ол мен де түсініп отырған жағдайды айтуға қымсынатын шығар: егер ол кәзір ажырасып кетсе кейіннен ешқашан күйеуге шықпайтынын, оның қоғамдық мәртебесі кәзіргіге қарағанда төмендеп кететінін, ол айналасындағылардың мүсіркегіш немесе менсінбеушілік көзқарастарының астында болатынын сезеді. Сондықтан ол ерікті жалғыз бас болғаннан гөрі жанұяда күң болған артық деп ойлайды.

– Айтшы, жолдасыңның әке-шешесі бұл дүниеден өткен соң, балаларың өскеннен кейін сен де осы салт-дәстүр бойынша өмір сүресің бе? Келініңді үйде күң ретінде ұстайсың ба? – деп сұраймын мен одан.

– Білмеймін, – деп жауап қайтарды. Әзірше ол өзін үй қожайыны ретінде ойына келтіре де алмайды.

Ал мен болсам, ойпырай, ол да сондай болар ма екен деген ойдамын. Біздің заманауи, алға басқан Қазақстанда кейбір отбасыларында шынымен де осындай көнерген орта ғасырлық қарым-қатынастар әрі қарай да сақталып қала берер ме екен? 

Comments: 0