Жақында «Қызанақ» деп аталып кеткен әдісті қолданып көруге бел будым. Жұмыс уақытын ұйымдастырудың бұл әдісі  өзгелердің жоспары мен жүмыс кестесіне тәуелсіз фрилансерлер мен бизнес басшыларына өте ыңғайлы.

«Қызанақ» әдісі негізі төмендегідей: өз жұмыс күніңізді қысқа тең аралықтарға бөлесіз (25 минут ұсынылады, мен 50 минут аламын), осы аралықтарда («қызанақтарда») немен айналысатыныңзды анықтап аласыз, аралық соңында міндетті түрде шаруаңызды тоқтатасыз, 5 минутке (мен 10 минутке жасаймын) үзіліс жасайсыз, сосын келесі «қызанаққа» кірісесіз (25 минут, немесе мен сияқты 50 минут). Күні бойы осылай жасайсыз. Үзілістерді тынығу, қоңыраулар жасау, тамақтану немесе дене шынықтыру үшін пайдаланған дұрыс.

Бұл әдісті қолдану барысында ең маңыздысы «қызанақтардан» басқа ештеңеге назар аудармау. Мысалы, сіз 50 минутыңызды серіктесіңізбен жасалатын келісім-шартты құрастыруға бөлгіңіз келді. Осы 50 минут ішінде сіздің телефоныңыз шырылдайды, жазбаңызға біреудің  лайк басқаны туралы хабарлама келеді, көрші бөлмеден сізге ұнайтын әуен естіледі, әріптестеріңіз қызық әңгімеге тартады, шай ішкіңіз келеді. Сізді азғыратын дүние өте көп, ең бастысы – басқа жаққа алаңдамау. Себебі лайк басқан кім екен деп Фейсбукке кіре қалсаңыз болды, 40 минуттың қалай өтіп кеткенін білмей қаласыз. Таныс жағдай ғой?

Сондықтан табанды болу керек. Телефоныңызды дыбыссыз режимге қою қажет. Қоңырау шалып жатса, кім екенін қарай салуға болады, бірақ көтермеңіз. Кейін хабарласасыз. Туысқандарыңыз бен достарыңыз сіздің жұмысбасты адам екеніңізді білуі тиіс. Біреу қайта-қайта қоңырау шалып қоймаса, маңызды шаруа болуы керек, онда жауап беріңіз.

«Қызанақ» әдісінің екінші маңызды ережесі – жоспарлау. Ең дұрысы кешке ертеңгі «қызанақтарды» жоспарлап қою.

Мысалы, менің бүр күнімнің жоспары төмендегідей:

09.00 – 09.50 – «I-teka» жобасы бойынша жиналыс;

09.50 – 10.00 – үзіліс (әр үзіліс сайын 30 «приседание», 30 «отжимание» немесе гантельмен бірнеше жаттығу жасаймын, бір стақан таза су ішемін, қоңыраулар мен хаттарға жауап беремін);

10.00 – 10.50 – «Qadam» жобасының құжаттарымен жұмыс жасау;

10.50 – 11.00 – үзіліс;

11.00 – 11.50 – үй шаруасымен айналысу (дүкеннен азық-түлік алу, дәліздегі шамды ауыстыру, ауланы тазалау және т.б.);

11.50 – 12.00 – үзіліс;

12.00 – 12-50 – Алматыдағы стартаперлермен Скайп арқылы хабарласу;

12.50 – 13.00 – үзіліс;

13.00 – 14.00 – түскі ас;

14.00 – 15.00 – ұйқы;

15.00 – 15.50 – «Findr» жобасы бойынша жиналыс;

15.50 – 16.00 – үзіліс;

16.00 – 16.50 – іскерлік әдебиетті оқу (бизнес, басқару, маркетинг және т.б. бойынша);

16.50 – 17.00 – үзіліс;

17.00 – 17.50 – Атыраудағы стартаперлермен Скайп арқылы хабарласу;

17.50 – 18.00 – үзіліс;

18.00 – 18.50 – көркем әдебиет оқу;

18.50 – 19.00 – үзіліс;

19.00 – 21-00 – спортзалда жаттығу (жаттығу болмаған күндері – таза ауада серуендеу);

21.00 – 21.30 – жеңіл кешкі ас;

21.30 – 22.30 – көркем әдебиет оқу немесе фильм қарау, ертеңгі күнді жоспарлау.

Әрине жоспарлар толық орындала бермейді.

Жоспарлы жұмыс жасау мақсаттарға жақындата түседі.

Нет описания фото.

Comments: 0