Мемлекеттің авторитарлық басшысы аяқ астынан биліктен кетсе, елдегі жағдай бірден жақсы жаққа өзгере қоймайды.

       Көбінесе билікке бұрынғы басшының айналасындағы адам немесе алдын-ала даярлаған мұрагер келеді, кейде кездейсоқ біреудің билікке ие болып кетуі де мүмкін. Бұл жағдайларға тарихтан да, жақын көршілермізден де мысал келтіруге болады.

       Авторитарлық президенттің айналасында болған адам билікті қолына ала салысымен, бастапқы кезеңде демократиялық құндылықтарды жариялап, жеке басқа табынуды сынға алады. Бірақ шын мәнісінде елде демократиялық құрылымдарды дамыту үшін нақты ештеңе қолға алынбайды. Керісінше, жаңа басшы өзінің және айналасындағылардың барынша баюына барынша жағдай жасап, жемқорлық белең алады. Билікте ұзақ отырудың барлық амалын қарастырып, «елдегі тұрақтылықты сақтап қалу мен ішкі және сыртқы жаулардан қорғану» туралы сөздер жиі айтыла бастайды. Халықтың тұрмысы нашарлай түсіп, шағын ғана билікке жақын топ елдің бар байлығын иемденеді.

       Кейін бұл билеуші де қартайып, тағынан тайғанда, сценарий тағы қайталанады.

       Кейбір мемлекеттерде революциялық бағыт ұстанған топтар диктаторды тақтан тайдырып, билікке өз өкілдерін қояды. Бұл жаңа адамдар бір сәтте президент немесе премьер-министр атанып жатады. Өкінішке орай, биліктегі бұл жаңа адамдар да жоғары лауазымдарға өз туыстары мен таныстарын тағайындап, мемлекет қаржысы есебінен байып алудың жолына түседі. Бірақ революциялық толқулар мен жоғары азаматтық белсенділік жағдайында билікті бірнеше рет ауыстыру қиын емес. Әдетте осындай бірнеше толқулардан кейін ғана билікке шын демократиялық басшы келеді. Бірақ бұл жолда қанша халықтың қаны төгіліп, елдің әл-ауқаты нашарлап кетеді.

       Жоғарыда келтірілген қос сценарий де бізге қажет емес. Сонда тарихи авторитарлық билік қалыптасқан ел үшін тығырықтан шығар қандай жол бар?

       Келесі шарттар орындалса, тығырықтан шығар жол бар сияқты.

       Билеуші қартайған шағында халық алдындағы жауапкершілігін мойындаса, ел дамуын  демократиялық арнаға бұрып, елді келесі диктаторлардан немесе революциялық толқулардан құтқара алады.

       Сонда не істеу керек?

       Басшының өзі біртіндеп «тізгінді босатып», жүйені қайта құруды бастау керек. Елдегі беделді топтар арасындағы балансты сақтай отыра, демократиялық құрылымдарды дамытып, нағайту қажет.

       Қалай істеу керек?

       Ең жақсы жолы – бес жылдан соң биліктен кететінін мәлімдеу. Сонда оппозициялық күштердің басты талабы күн тәртібінен түсіп, олар елдің саяси-экономикалық ахуалын жақсартатын реформаларға назар аударуына мүмкіндік туады.

       Парламенттік республикаға өту туралы шешім елдегі саяси өмірді одан әрі жандандыра түседі. Әрине басында партиялар қаптап кеткенмен, сұрыпталып екі немесе үш ірі партия ғана қалып, елдегі саяси жүйенің іргетасына айналады.

       Либералдар зейнетақы жасын өсіруді, жерді жеке меншікке беруді, салықтарды азайтуды қолдаса, социалисттер бұған қарсы шығады.

       Екі партиялы жүйе қалыптасса, қартайған президенттің биліктен кетуі ел дамуына қатты әсер етпейтін болады. Парламенттік республикада президенттің орыны соншалықты маңызды болмайды. Сайлауда жеңіске жеткен партия Үкіметті жасақтайтын болғандықтан, халық бағдарламасы ұнаған партияға дауыс беретін болады.

       Сонда қартайған президенттің биліктен алаңсыз кетуіне болады. Елдің саяси жүйесін жетілдіру арқылы, жаңа диктатордың келуіне немесе революциялық толқуларға жол берілмейді. Осылай президент ел тарихында өшпес із қалдыра алады…

Comments: 0