Өмір бойы бастық алдында құлша жорғалайтындарды су қаным сүймей келемін. Бұл табынушы үшін де, табыну объектісі үшін де қорлық деп санаймын.

       Бір ұйымда басшылық қызметте болғанда бұрын полицияда қызмет еткен жас жігіт жұмысқа орналасты.

       Сол жігіттің бойына бастықтан қорқу мен  именудің соншалықты сіңіп кеткеніне таң қалдым. Мені көрсе болды орынына атып тұратын, сұрақ қойсам, қызарып, тілі күрмеліп, қысқа ғана жауап қайыратын.

       Шыдамым таусылып, жас жігітті шақырып алдым да, ашық әңгімеге тарттым. Менің алдымда құлша жорғалаудың қажет емес екендігін айттым, қалжыңдап та қойдым, сөз соңында арқасынан қақтым (бұлай жасау адамдар арасындағы бөтендікті жояды деп оқығаным бар еді). Жалпы жігіттің өзін еркін сезінгенін қалайтынымды жеткізуге тырыстым.

       Осыдан кейін жағдай өзгерді. Менен қорқуды доғарғанмен, сыйластық пен құрметін білдіріп жүретін болды. Жиі езу тартып, қалжыңдайтын болды.

       Қазір ол тәуелсіз, өзіне сенімді адам, білдей бір мекеме басшысы.

       Ол да айналасында құлдарды көбейтпей, қарапайым әрі ашық басшы болады деп үміттенем.

Comments: 0