Қазір ортаға салатын ойларым дүниетанымы мен көзқарастары ортағасырлық қараңғылықтан арыла алмаған көптеген еркектерге ауыр тиетін болады. Бір қызығы, әйелдер арасында да бұндайлар кездеседі екен.

         Сонымен. Егер қыз мини-юбка кисе болды, оны бұзылған санап, балағаттап,  орынсыз қалжыңдап, артынан ысқыра беруге болады дегенді білдірмейді.

        Тіпті мини-юбка киген қыз дискотекаға келіп, мас болып қалса, оны тағы бұзылған санап, қолға ерік беріп, балағаттай беруге болады деген ой болмау керек.

        Ары қарай. Мас, мини-юбка киген қыз дискотекадан соң біреудің үйіне баруға келісе қалса, ол адам қызбен ойына келгенін істеп, күш қолданса да болады дегенді білдірмейді. Иә-иә, кей еркектерге ерсі естілсе де, біреудің үйінде бола тұра, қыздың жақындасудан бас тартуға еркі бар. «Өзі келді ғой» деп ешкімнің ақталуға құқығы жоқ.

       Неге дейсіз ғой?

       Ең маңыздысы осы!

       Себебі ол қыздың ер адаммен құқығы тең. Ол да адам баласы, жақындықтан кез келген уақытта бас тартуға құқылы.

       Кей адамдар бұл тұжырыммен келіспеуі де мүмкін, бірақ жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды деген әрқашан шындық деген заң жоқ.

       Ал бұны мойындағысы келмейтіндерді плебейлерді де адам құрлы көрмеген ежелгі римдіктермен, қара нәсілділерді де толыққанды адамдар деп санамаған америкалық плантаторлармен бір қатарға қоюға болады.

       Көндігу қиын болғанмен, басқа амал жоқ. Себебі 21 ғасырда өмір сүріп жатырмыз.

       P.S. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні.

       Тіпті ерлі-зайыптылар арасында да екіжақты келісімсіз жақындасуға болмайды. Ал әйелінің келесімінсіз күштеген еркектің әрекетін қылмыс деп бағалауға толық негіз бар. Себебі үйленген соң, әйел еркектің меншігіне айналмайды, ол тең құқылы азамат болып қала береді.

Comments: 0