Елімізде орыс тілін білмейтін министр мен вице-министр, әкім мен әкімнің орынбасары, Парламент пен маслихат депутаты жоқ. Бірақ қазақшасы ақсап тұрған немесе тілді мүлдем білмейтін министрлер, әікімдер мен депутаттар көп.

           Үкіметте, министрліктерде, Парламентте, әкімшілктердің көпшілігінде жиналыстар орыс тілінде өтеді. Әрі кетсе, баяндаманың басы мен соңы қазақша оқылады.

           Елімізде кез келген дүкенде, ресторанда, дәріханада, кинотетатрда орысша сөйлеп, тауар немесе қызметке еркін қол жеткізуге болады.

           Ал кез келген дүкенде, ресторанда, дәріханада, кинотетатрда қазақ тілін білетін қызметкер бола бермейді, демек қазақ тілді азаматтың қажет тауар немесе қызметін алу барысында қиындықтар пайда болуы мүмкін.

          Еліміздегі сайттардың басым көпшілігі орыс тілінде болғандықтан, кез келген тауар мен қызметті орысша іздеп, тауып алуға болады, жаңалықтар да орыс тілінде тез таралады, өзекті әлеуметтік мәслелер де орыс тілінде талқыланады.

          Ал қазақ тілінде krysha.kz сайтынан пәтер, kolesa.kz сайтынан көлік, olx.kz  сайтынан басқа да заттар іздесеңіз, қалағаныңызды табу қиын.

          Елімізде компаниялардың ұжымында он адамның біреуі орыс болса, оны сыйлап, қалған қазақтар да орысша сөйлеседі.

          Ал ұжымдағы он адамның тоғызы қазақ болса да, жалғыз орыс ұжымдастарын сыйлап қазақша сөйлемейді.

         Сонда Қазақстанда қай тілге қысым көрсетілуде?

Comments: 0