Жақын бір елде блогерге орта білім саласында біраз жыл еңбек еткен ескі жолдасы жолығыпты. Мектептегі оқушының қазасы жайлы блогердің жазбасын оқыған екен. Жолдасы терең күрсініп алып, әңгімесін бастады:

– Мәселе директорлардың мектептегі оқыс оқиғалар жайлы жасыратындығында емес. Тереңірек қазу керек, балық басынан шіриді демекші, директорлардың өзі бар бәленің басы болып тұр. Олар бұл қызметке қалай қол жеткізетінін білесің бе? Айтпаса да, түсінікті ғой. Әрине пара беріп. Иә-иә, таң қалатын ештеңе жоқ. «Ставка» 30 дан 50 мың долларға дейін барады. Осылай директор болғысы келетіндер кезекте тұр.

–  Тоқтаңыз. Егер олар осындай ақшаны беруге дайын болса, кейін қайтарып алуға болатынына сенімді болып тұр ғой. Бірақ қарапайым мектеп директорына 50 000 доллар қайдан келеді. Түсінер емеспін.

  • Сіз жер басып жүрген адамға ұқсамайсыз. Сіз жақсы қызметте болған соң, балаларыңыз таңдаулы мектепте оқыды. Орын болмаса, мәселе жоғарыдан шалынған бір қоңыраумен шешіліп отырды. Ал қарапайым адамдар бұл мәселемен жыл сайын бетпе-бет келеді. Қараңыз, қарапайым отбасындағы бала мектепке баратын жасқа келді делік. Немесе басқа аймақтан астанаға мектеп жасындағы балалары бар отбасы көшіп келді делік. Балаларды мектепке орналастыру қажет. Әрине кез келген ата-ана мектептің білім деңгейі жоғары әрі үйге жақын болғанын қалайды. Жалпы астаналық мектептердегі білім деңгейі солтүстік аймақтардан төмендеу, бірақ бұл басқа әңгіменің еншісі. Сонымен, баланың ата-анасы таныстары мақтаған мектепке барады. Мектепте оларға бекітілген ауданға жатпайтындықтарын айтады, бірақ қаласаңыздар бір амалын табуға болады ғой деп жылы шығарып салады. Ары қарай бәрі айдан анық қой. Осы салада жұмыс істеген адаммын. Бір оқушыны осылай қабылдаудың «ставкасы» 1000 долларға дейін барады. Кейбір директорлар қыркүйек айында 100 000 долларға дейін тапқан. Міне «инвестициялар» қайтымдылығы қандай.

– Мүмкін емес!

– Неге мүкін болмасқа? Сіз жай ғана қала мектептерін аралап, директорлардың жұмысқа қандай көліктермен келетінін көріңіз. Сосын жалақыларын қараңыз, бәрі түсінікті болады.

– Осындай директорлар саны қаншалықты көп? Жағдайымыздың сонша мүшкіл болғаны ма?

– Менің ойымша, шамамен қаладағы мектеп директорларының 70 пайызы осы «схемамен» жұмыс жасайды. Әрине адал, ұстанымы берік директорлар бар, бірақ олардың саны өте аз және жалпы ахуалды өзгертуге олардың шамалары жетпейді. Сосын тағы бір категория бар: жоғарыдағылардың туыстары, оларға әкімшілік тісін батыра алмайды.

– Масқара! Директорының санасын ақша билеген мұндай мектептерде қандай тәртіп болуы мүмкін?

– Дәл солай! Әңгіменің төркіні осы болып тұр ғой! Оқушыларға деген осындай арам пиғыл басшыдан ары қарай мұғалімдерге де беріледі. Мұғалімдер де оқу жылы бойы ата-аналар мен оқушылардан ақша «сорумен» айналысады. Мектеп емес, пайдалы бизнес көзі. Тағы бір пайдалы бизнес – олимпиада орындарын сату. Бұл туралы естіп пе едіңіз?

– Жоқ. Ол қалай?

– Олимпиаданы жеңген оқушы грантқа ие болатынын білесіз бе?

– Иә, содан соң?

– Содан соң, ата-аналар балаларына олимпиаданың бірінші орындарын сатып алады. Кейін ЖОО ақшасын төлегеннен, грантты осылай сатып алу арзанырақ. ҰБТ кезіндегі былықтар жайлы айтпасам да болады, өзіңіз де жаздыңыз ғой. Тексерушілерге сыйлық алу үшін ата-аналардан ақша жинау туралы естіп пе едіңіз?

– Жоқ. Бұл барып тұрған масқара ғой. Оқушыларға бұл былықтарын қалай түсіндіреді екен?

– Оқушылар барлығын оңай қабылдайды, әсіресе жоғары сыныптағылар. Ұяда не көрсе ұшқанда соны іледі демекші, оқушылар үлкен өмірге барлығын, сатып алуға болады деген сеніммен қадам басады. Балалардың санасын мектеп қабырғасынан улап жатсақ, болашақта олардан қандай жақсылық күтуге болады?

– Бір әрекет қылу керек қой онда!

– Сізге келген себебім де осы. Мен бұл мәселені біраз көтердім, бірақ ешкім құлақ аспады. Ақыры басқа салаға кетіп тындым. Бірақ балаларымыздың болашағына қатты алаңдаймын.

– Мен бұл мәселені көтеретін болсам, нақты дәлелдер келтіре аласыз ба?

– Әрине жоқ. Әр мектеп директорын пара алып жатқан жерінен ұстап алған жоқпын ғой.

– Мен бұл тақырыпты көтеретін болсам, нақты дәлелдерім болу қажет. Әйтпесе мектеп директорлары мені жала жапты деп айыптай салады.

– Енді не істеу керек? Осы былыққа батып отыра береміз бе, парақор директорларға тоқтау болмай ма?   Мүмкін сіз есімдерін атамай жазып шығарсыз? Мақсат бір парақор-директорды әшкерелеу емес, жалпы жүйені тазарту ғой. Әйтпесе бір парақордың орынына басқасы келеді. Менің айтқаным бос сандырақ болса, оқырмандарыңыз бұл жазбаңызға аса мән бермейді. Егер оқырмандарыңыз осындай жағдайлар орын алып жатқанын растаса, қала басшылығы бұл мәселеге назар аударып, жүйелі шешімін табар.

– Жақсы. Солай жасайық. Мен есімдерін, қаланы, тіпті қай мемлекет екенін де атамаймын. Көзі ашық адамдар түсінер.

Comments: 0