Саяси тұрғыдан – демократиялық мемлекет.

            Депутаттарды, әкімдер мен соттарды сайлау арқылы халықтың билікке нақты ықпалы бар. Мемлекетте оппозиция бар және қолдауға ие. Қос партиялы жүйе орныққан және олар халықтың дауысы мен қолдауына ие болу үшін үнемі таласқа түседі. Жеңіске жеткен партия көшбасшысы президент атанады, бірақ екі мерзімнен аса билікте отыра алмайды. Белгілі бір жеке тұлғаның ерекше мәртебесі туралы сөз қозғалмайды да, заң алдында барлық азаматтар тең құқылы. Мемлекеттік биліктің барлық тармақтарында саяси бәсеке бар болғандықтан, парламентте, үкіметте, соттарда ешкім басымдыққа ие бола алмайды. Нәтижесінде жемқорлық барынша азайған.

            Ел азаматтары кез келген жерде, кез келген уақытта өз пікірін білдіруге құқылы. Шерулер мен демонстрациялар өткізуге шектеу жоқ.

           Сөз бостандығы тұрғысынан – плюралистік мемлекет.

          Ақпарат министрлігі жоқ. Биліктегі партияны мадақтауға мемлекеттік тапсырыс та жоқ. Барлық БАҚ алуан түрлі топтардың, ұйымдардың, олигархтардың меншігінде. Олардың мүдделері әр түрлі болғандықтан, бір мәселеге жан-жақты пікір айтылады. Компроматтар мен жанжалдар қоғамды жиі дүрліктіріп тұрады да, шенеуніктің немесе үкіметтің отставкаға кетуіне, тіпті президент импичментіне дейін баруы мүмкін. Сөз бостандығына шектеу жоқ. Жала жабу бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік жойылған. Айыптауларына нақты дәлелдер келтірмеген ақпарат құралы бірден халық сенімінен айырылады. Сондықтан беделіне алаңдайтын БАҚ жалған ақпарат жариялап, жалаң сенсация қумайды.

           Экономикалық тұрғыдан – нарықтық мемлекет.

           Елде көптеген шағын және орта комапниялар жұмыс жасайды. Бизнесті реттеу қарапайым әрі ашық болғандықтан, кез келген адамның кәсіпорын немесе өндіріс ашуға мүмкіндігі бар. Заңдар орындауға жеңіл және түсінікті болғандықтан, табысты жасыру, пара беру жоқ. Әкімшіліктердің бизнеске заңсыз ықпал ету механизмедері жоқ, демек балабақша, мектеп, жол салуға күштей алмайды. Бұның барлығы бюджеттен қаржыландырылады.

           Экономикадағы мемлекеттің үлесі барынша қысқартылған. Мемлекеттік қомпаниялар өте аз.

           Халықаралық қатынастар тұрғысынан – бейбіт мемлекет.

           Мемлекет бейтараптықты ұстанады. Ешқандай әскери одақтарға мүше болмайды. Барлық әріптестермен тең дәрежелі, тығыз экономикалық байланыстар орнатылады.

          Ұлтаралық қатынастар тұрғысынан – көпұлтты мемлекет.

          Диаспоралар өздерін еркін сезініп, ұлттық-мәдени орталықтары қызмет етеді. Бірақ мемлекет құраушы ұлт ретінде барлығы қазақ ұлтын мойындап, қазақ тілі мемлекеттік тіл болып табылады, қазақ мәдениеті мен дәстүрі құрметке ие. Барлық басқа салаларда қазақтар ешқандай басымдыққа ие болмайды, барлығы тең.

         Дін тұрғысынан – зайырлы мемлекет.

        Дін мемлекеттен және мектептен ажратылған. Бірнеше конфессиялар бар, барлығы бейбітшілікті жақтайды. Сенімі басқа адамға ешқандай конфессия қысым көрсете алмайды.

        Заңдылық тұрғыдан – құқықтық мемлекет.

        Заң алдында бәрі тең. Құқықбұзушылық үшін жазадан адамның мансабы, ақшасы, тамыр-танысы құтқара алмайды. Сондықтан барлық адамдар заңға бағынады. Ешкім пара бермейді, мемлекеттік мүлікті жеке мақсатта пайдаланбайды, туыстарының қызмет бабын өсірмейді.

        Қауіпсіздігің үшін алаңдамай, қалаған уақытта көшеде серуендеп жүруге болады.

        Қоғамдық мәдениет тұрғысынан – жоғары мәдениетті мемлекет.

        Қоғамдық қатынастар заңмен қатар қоғамдық пікір тарапынан да реттеледі. Дөрекілік таныту, балағат сөздер айту, ішімдікке салыну, балаларға қол жұмсау әдепсіздікке жатады. Сыпайы болу, жол беру, кезіккен адамдарға жылы шырай таныту, қоғамдық көлікте орын беру, қарттар, әйелдер мен балаларға қамқор болу әдептілікке жатады.

Comments: 0