Қоғамның өркениеттілігі оның қорғансыз мүшелеріне, яғни балаларға, қарт адамдарға, әйелдерге, мүгедерге көрсетілетін қатынаспен анықталады деп айтылған.

Жақында менің досым Еуропаға іссапармен барып келді, ал сапардың алдында ол байқамай аяғындағы шынашағын сындырып алды. Үстелдің аяғына немесе диванның қырына шынашағын соғып алмаған адам бар ма? Дегенмен, оған таңғыш қалақ салды және аяғын жартылай дәкемен байлап тастады. Сыртынан қарағанда аяқ гипстелгендей болып көрінеді. Оған қосымша таяқ берді.

Сонымен, менің досым еуропалық әуе компаниясына тіркелу үшін Алматының әуежайына келді. Сол жерде одан мүгедектерге арналған креслоны пайдаланғысы келетіні жайында сұрады? Досым сәл кідіре тұрып: «Неге болмасқа?» деп жауап берді. Себебі ол шынымен де ақсап жүрді. Оған креслоны әкелді, отырғызды… және осы сәттен бастап оның кейінгі сапары түбегейлі дерлік өзгерді. Әуекомпанияның қызметкері оны бүкіл әуежайдың бойымен тасып жүрді және барлық жерде қызмет көрсетіп, креслоның артында тұрды. Соған қоса, амстердамдық әуежайда, ұшақтан шығар алдында оны әуекомпанияның қызметкері тура осындай мүгедектер арбашасымен бірге күтіп тұрды. Ол менің досымды осы арбашаға отырғызды және әуежай бойымен тасып жүрді. Жол бойында олар дьюти-фри дүкеніне тоқтады және кафеге кірді. Сондай-ақ, қызметкер менің досымды ұқыпты жүргізіп оған барлығына да көмектесті. Алысқа қарай, яғни әуежайдың басқа шетіне жүру қажеттілігі туындаған кезде қызметкер рациямен электрокардағы әріптесін шақырып алды. Олар екеуі менің досымды электрокарға отырғызып, онымен бірге гейтке қарай жүріп кетті. Гейтке жақындаған бойда қызметкер мүгедек арбашасындағы досымды кезектің жанынан өткізіп ұшақтың бортына дейін жеткізді. Сондай-ақ, гейттің жанындағы кезекте тұрған адамдар кері шегініп «мүгедекке» ерекше құрмет көрсетіп оған жол берді.

Менің досымның осындай ерекше сезінулері ол болған қалада, яғни Барселонада жалғасты. Досым қайда кірмесе де, барлық жерде оған жол беріп, кезексіз өткізіп отырды, оның алдынан есіктерді ұстап тұрды және тағы сондай сияқты. Сонымен қатар, осының барлығы сыпайы күлімсіреумен және шынайы қамқорлықпен жасалды. 

Менің досыма осындай құрметпен қараудың жоғарғы шегі ретінде барселондық мейрамханалардың біреуінде орын алған көріністі санауға болады. Ол достарымен бірге үстелдің басында отырды, ал көрші үстелде сәл масайған жас жігіттердің компаниясы шулап отырды. Менің досым оларға ескерту жасады, сәлден соң, ұрыс-керіс басталды. Ақырында, менің досымның шыдамы таусылды, ол орнынан тұрып жастарға жақынырақ баруды жөн көрді. Таяқтың көмегімен тұрып, олардың үстеліне қарай жақындаған кезде, олар оның аяғындағы «гипсті» көрді, сол кезде көңілдері күрт өзгерді. Олар досымнан бірден кешірім сұрап, достығын ұсынды. 

Осылайша, сый-құрметпен менің досым өзінің іссапарының бір аптасын өткізді.

Содан соң ол Алматыға оралды. Ұшақтан шығып шекаралық бақылау орнына бет бұрды. Кезекте тұрған еуропалықтар, үйреншікті жағдайда оны кезексіз өткізді, ал одан кейін қазақстандықтар тұрды. Олар бірден менің досымды көктен жерге түсірді: «Сен қайда кіріп бара жатсың? Сенің шынашағың сынған ба? Мүгедекті тапқан екенсің! Кезекте тұрсаң, өлмейсің».

Осы кезде менің досымның майсайрауы аяқталды. Оның қандай қоғамға түскенін оған тез арада еске түсірді.

Comments: 0