– Халықты дүрліктірмеу керек. Неге халықты билікке қарсы шығуға үгіттейсіздер?

         – Біз халықтың жағдайы жақсарғанын қалаймыз. Билік халыққа салмақ салмай, керісінше бағынышты болғанын қалаймыз. Мемлекеттік органдар мен соттарда парақорлықтың тиылғанын қалаймыз. Шенеуніктер мен байдың балалары қылмыстық жауапкершіліктен ақшаның арқасында құтылмағанын қалаймыз. Жердің пара арқылы емес, ашық әрі әділ бөлінгенін қалаймыз. Мемлекеттік лауазымға біреулердің туысқандары емес, білімді әрі адал адамдар тағайындалғанын қалаймыз. Біз президент, парламент сайлаулары ашық сайланып, бес-алты жылда ауысып отырғанын қалаймыз.

         – Украинадағы жадайдың қайталануын қалайсыздар ма? Алаңда қан төгілуін тілейсіздер ме?

         – Жоқ, біз қантөгіске жол бергіміз келмейді. Біз бейбітшілік пен қауіпсіздікті қалаймыз. Бірақ билік біздің жақсы өмірге деген ұмтылысымызға қарсы шығып жатса, не істей аламыз? Біздің талаптар еленіп те жатқан жоқ. Жан айқайымызды жоғарыдағы шенеуніктерге қалай жеткізе аламыз?

          – Заң шеңберінде әрекет етіңіздер. Демокартиялық қоғамда Парламент арқылы мақсатқа жетуге болады.

          – Біз талпынып көрдік. Нағыз оппозияциялық партияны құрмаұшы болдық, бірақ тіркеуден өткізбей қойды. Парламентке тәуелсіз депутаттар ретінде сайланбақшы болдық, бірнеше теңгені сылтауратып, сайлауға жібермей қойды. Әлеуметтік желілерде белсенділік танытып едік, тағы да айып тағудың амалын тапты. Орталық алаңғы шығып, өз пікірімізді білдірекші болып едік, автобустарға тығындап, полицияға алып кетті. Енді не істей аламыз? Өз пікірімізді жеткізіп, мүдделерімізді қалай қорғай аламыз?

          – Рұқсат берілмеген шерулерге шықтыңыздар. Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ. Биліктің арқасында жер комиссиясы құрылды. Бұдан артық не керек? Комиссияға еніп, сонда жұмыс жасаңдар.

          – Бейбіт шерулерде ешкімге зақым келмей, әскер мен полиция қарусыз адамдарға оқ атпағаны үшін билікке алғыс айту керек болса, әрине алғысымызды білдірейік. Комиссия құрғаны үшін де рахмет. Бірақ биліктің рақымы түсіп, халықты бейбіт шеруде қырып тастамағанына шүкір деп қол қусырып отыру да дұрыс емес. Өз пікірін ашық білдіру құқығы – бұл биліктің сыйлығы емес, бұл әр азаматтың конституциялық құқығы және ол биліктің көңіліне тәуелді болмау қажет.

          – Жаппай шерулер өткізу кезінде жағдайды пайдаланып арандатушылар, бұзақылар, тонаушылар үйлер мен дүкендерді қиратып, машиналарды өртеп жатады. Осындай қылмескелерден бізді кім қорғайды? Сіздер? Қарусыз, ресми өкілетсіз сіздер оларға кедергі келтіре алмайсыздар ғой. Олай болса, басқаруға көнбейтін көпшілікті жинауды тоқтатыңыздар. Біздің тыныш өмірімізді қатерге тікпеңіздер.

          – Рас, бізде қару да, көпшілік арасынан біреуді тоқтатын өкілет те жоқ. Себебі қоғамдық тәртіпті қорғау полцияның міндеті, солар айналысу керек бұл шаруамен. Шеруді ұйымдастырушылар тәртіп сақшылары емес. Мыңдаған адамдар жиналатын футбол матчтары мен концерттерді ұйымдастырушылар қоғамдық тәртіптің сақталуын полияциядан талап етпей ме? Осындай адам көп жиналатын шарада полиция тәртіп бұзушылыққа жол бермей, міндеттерін абыроймен атқарып жатады. Онда бейбіт шеруден билік неге сонша үрейленеді? Неге билік өзіне қарсы сын айтылмайтын жиындарға ғана рұқсат береді?

          – Біз Украиндағыдай революция болғанын қаламаймыз. Себебі онда билікке ұлтшылдар келіп, қазақ еместерді елден қуып шығады. Қалағандарыңыз осы ма?

          – Біріншіден, революция мақсат емес. Біз де қақтығыстарға жол бергіміз келмейді. Билік халықпен тағайындалып, халыққа бағынатын болса, ревлюцияның қажеті не?

          Екіншіден, билікке әсіре ұлтшылдардың, яғни шовинистердің, келуі мүмкін деген қорқыныш орнату сол биліктің ойлап тапқан айласы ғана. Радикалдар сіз ойлағандай көп емес. Халықтың басым бөлігі ұлтаралық татулық пен бейбіт өмірді қалайды. Біздің талаптарымыздың ұлттық сипаты жоқ. Біздің талаптарымыз демократиялық және еркін қоғам орнатуға қатысты.

          Айтпақшы, украинада радикалдар Майданда белсенді болғанмен, олар саяси басымдылыққа ие бола алмады. Қазір Украинада ұлтаралық қақтығыстар жоқ.

          – Біз қазіргі Президенттің орынын басар адам жоқ деп санаймыз. Ол сияқты басым көпшіліктің қолдауына ие, беделді ешкім жоқ. Президент кетсе, елде ықпалды топтар арасында тартыс басталып, азаматтық соғысқа ұласып кетуі мүмкін.

          – Біз де тартыс пен азаматтық соғысты қаламаймыз. Бірақ неге бір адамға сонша тәуелдіміз деген заңды сұрақ туындайды? Ол кетсе, бәрі құрып кететіндей, неге бүтін бір елдің тағдырын бір адамның қолына тапсырып қойдық? Бұл дұрыс емес.

          Саяси жүйені жетілдіру керек. Бір лауазымды түлғалар мен органдардың билігі басқаларымен шектеліп отырғаны жөн. Елде билікті сынға алатын еркін, қысым көрмейтін оппозияция болса, билік ауысып отырады. Себебі халық озық саясаткер мен саяси күшке дауыс беруге мүмкіндік алады. Сонда халық және мемлекет ретінде дамудың тың жолына түсеміз.

          – Билікті сынау оңай. Бір жағынан билік – халықтың айнасы деген бар ғой. Халықтың өзі пара береді, жұмысында тиянақты емес, әдептен алыстап кеткен. Билікке келетіндер қайдан жақсы болсын. Алдымен әркім өзінен бастау керек. Әркім өз үйінде, ауласында, көшесінде тәртіп орнатып алсын. Сосын барып қана билікке талап қойсын.

          – Иә, дұрыс айтасыз. Билік – халықтың айнасы. Бірақ біз қолымыздан келгенді жасап жатырмыз. Тұрғындар бірігіп, аулада сенбіліктер өткізіп тұрамыз. КСК басшыларынан құбырлардың ауыстырылуын талап етеміз. «Стоп, хам!» қозғалысын ұйымдастырдық. Билікке жалтақтамай, Қарағанды обылысында су тасқынына зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинап жібердік. Біз Алматыдағы селден соң қолға күрек алдық, тазалау жұмыстарына белсенді ат салыстық. Тамыр-таныстықты пайдаланып, біреу жауапкершіліктен қашса, әлеуметтік желіде шу шығарамыз. Қарапайым халық белсенділік танытып-ақ жатыр. Ендігі кезек биліктегілерде. Біз халықтың талабы бойынша әкімдер мен министрлердің қызметтен кетуін қалаймыз, бюджет ақшасына пантеон салуға жол бермейміз, шетелдіктерге жерімізді сатқызбаймыз. Біз – осы елдің азаматтарымыз, еліміздің тағдыры біздің қолымызда.

Comments: 0