Атыраудағы 2016 жылдың 24 сәуірінде қазақ жерін шетелдіктерге сатуға қарсы шеру Қазақстанда бейбіт шерулер мен демонстарцияларға рұқсат беру мәселесіне қайта оралуға жақсы түрткі болды.

Атыраулықтар біздің өркениетті қоғам болуға дайын екенімізді көрсетті. Қатысушылардың сөзіне сенсек, шеру кезінде ешбір адам жарақат алмағанын, тіпті алаңда сынған шам да болмағанын айта кету керек. Екінші жағынан билік ұйымдастырылмаған адамдар тобымен бейбіт келіссөздер жасау механизмін қолданып көрді.  Осы орайда Атырау облысының әкімін ерекше атап өткім келеді. Алаңдағы жағдай шарықтау шегіне жетіп, келеңсіз жағдайларға ұласып кетуі әбден мүмкін еді. Алайда Ноғаев мырза батыл қадамға барып, алаңдағы адамдармен тілдесіп, шеруді тоқтатуға көндіре алды. Билік өкілі үшін бұл жақсы тәжірибе болды.  

Меніңше осы уақытқа дейін шеру атаулыдан шошып, біз ескі кеңестік көзқарастың құрсауынан шыға алмай келдік. Халық билікті айтқанын орындауға міндетті «әке-көке» ретінде қабылдап, қоғамда петерналистік көңіл-күй белең алды. Билік халықты оң мен солын ажырата алмайтын бала сынды ұстап үйреніп қалды. Қазір қоғам өзгерді, басқа құндылықтар қалыптасып үлгерді. Билік барлық мінберлерден шенеуніктер халыққа қызмет ету қажет деп жар салғанмен, әзірше бәрі тек сөз күйінде қалуда. Көптеген шенеуніктердің тарапынан петерналистік, қожайындық қарым-қатынастар  әлі де байқалады.

Қожайындар мен қызметшілер туралы аллегория түсінікті болу үшін Лев Толстой заманындағы Ясная Полянадағы бір ақсүйектің үйін елестетіп көріңіз. Қожайындар мен қызметшілер бір шатыр астында тұрады. Сол үйдің ауласында қызметшілер жиналып, топтаса бір шара өткізгілері келсе, әрине алдымен қожайындарының рұқсаты қажет. Ал үй қожайындары аулада жиналғысы келсе, қызметшілерінен рұқсат сұрамайтыны анық емес пе? Керісінше қызметкерлерге ауланы қоқыстардан тазалап, тап-тұйнақтай қылып қою бұйырылады. Міне, қожайындар жиналамыз десе, қызметшілер осылай барлығын дайындап қою қажет. Біздегі жағдай да солай болу тиіс еді. Қожайындары, яғни халық, жиналатынын хабарлаған соң, қызметшілер, яғни шенеуніктер, алаң мен көшелерді қоқыстан тазалап, қақтығыстар болу қаупі болса, қоғамдық тәртіпті қадағалау үшін полицияны жұмылдырып, шеруге қатысушыларға қарсы күш қолдану үшін емес, керісінше, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек.

Таза демократиялардағы қожайындар мен қызметшілер арасындағы қарым-қатынас осындай болу қажет.

Еліміздегі демократияны дамытудың кешенді қадамдары қолға алынып жатқанын мәлімдейтін болсақ, азаматтардың бейбіт шерулер мен демонстрацияларға деген құқығы сынды демократияның міндетті белгілерін де қабылдауымыз қажет.

Comments: 0