1970 жылдар. Республикада социализм. Барлық зауыт-фабрикалар, совхоздар мен ет комбинаттары, дүкендер мен дәріханалар мемлекет меншігінде. Қоғамдық пікір осы экономикалық құрылымның дұрыстығы мен мәңгілігіне сенімді.

1985 жыл. Қайта құру келді. Биік мінберден социалистік экономика мен авторитарлы саясаттың заманы өтті деген ұран тасталды. Қоғамдық пікір өмір сүру қалпын өзгерту қажеттігін сезінді. Қоғамда демократияландыру басталды, пікірлер әр алуандығы, парламенттердің сайлануы. Жеке меншікке басымдылық беріліп, алғашқы кооперативтер пайда бола бастады.

1990 жылдар. Қазақстанда жаппай жекешелендіру басталды. Жеке меншік ұғымы экономиканың барлық салаларына ене бастады. Ауылшаруашылық жерлері ғана жеке меншікке берілген жоқ. 1998 жылы Үкімет алғаш рет Парламент қарауына ауылшаруашылық жерлерін жеке меншікке беруді рұқсат ететін заң жобасын ұсынды. Қызу талқылаулар мен депутаттардың қатаң қарсылығынан соң, заң жобасы қайтарылады да, «Жер туралы» Заңда ауылшаруашылық жерлеріне тек мемлекеттік меншік сақталды. Қоғамда жер – бұл киелі қазына, оны пайданың соңына түскен жеке бизнесмендерге беретін болсақ, келер ұрпаққа тозған, құнарсыз жер қалады деген пікір берік орнықты.

2003 жыл. Үкіметтің бірнеше талпынысынан соң Парламент ауылшаруашылық жерлеріне жеке меншікті енгізген Жер кодексін ақыры қабылдайды. Өндіріс құралдарын жеке меншікке бермей, аграрлық бизнестің қарқынды дамуы мүмкін емес деген пікір қоғамда орныға бастайды.

2010 жылдар. Аграрлық бизнес даму үстінде. Ауылшаруашылық жерлерінің біраз бөлігі жеке меншікке өткен. Жаңа қожайындар жерді жаппай тоздырған да жоқ, ешқандай апат та орын алған жоқ.

2016 жыл. Ауылшаруашылық жерлерін шетелдіктерге сату қажет деген идея алғаш рет ортаға салынды. Қоғамдық пікір бірауыздан қарсылық білдіреді. Бұл сатқындық, тәуелсіздігімізден айырылу, шетелдіктерден соң келер ұрпаққа құнарсыз шөл дала ғана қалады деген пікірлер айтылды.

2021 жыл. Үкімет ауылшаруашылық жерлерін жеке меншікке беруге рұқсат ететін Жер кодексінің жаңа жобасын Парламенттің қарауына ұсынады. Экономикалық қатынастар жаңа деңгейге көтеріліп, халықтың басым көпшілігінің жеке меншікке деген көзқарасы да өзгерген. Сыртқы саясаттағы ашықтықтың нәтижесінде енді шетелдіктер Қазақстанға жау ретінде қабылданбайды.  Қоғамдік пікір ауылшаруашылық жерлерін шетелдіктердің меншігіне беруді рұқсат етуге қарай иіле бастайды.

2030 жыл. Қазақстанда нарықтық қатынастар толық орныққан. Демократия мен тұлға еркіндігі еуропалық деңгейге жақын. Даму қарқыны жағынан Қазақстан шығысеуропалық елдермен қатар тұр. Елдегі ауылшаруашылық жерлерін шетелдіктерге сатуға тиым салынған уақыт болғанын көптеген азаматтар өтпелі кезеңнің қиындықтары деп қабылдаса, жалпы ауылшаруашылық жерлеріне жеке меншіктің болмағанына тіптен сенбейді.

Қоғамдық пікір өзгеріп отырады.

Уақыт керуені ілгері басуда.

Comments: 0